Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 мыңға жуық спортшы қатысады

АСТАНА.KAZINFORM — VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 112 елінен спортшылар қатысуға өтінім берді. Бұл туралы Қырғызстан астанасы Бішкектегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 мыңға жуық спортшы қатысады
Фото: worldnomadgames.org

Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 мыңға жуық спортшы қатысады.

Спортшылардың жеке мәліметтері Ойындардың ресми сайтындағы электронды аккредиттеу жүйесі арқылы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасын өткізу туралы ереженің талаптарына сәйкес қабылданған.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
Фото: worldnomadgames.org

Қатысуға өтінім Австралия, Әзербайжан, Армения, Аргентина, Бангладеш, Бахрейн, Грузия, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қазақстан, Моңғолия, Польша, Ресей, АҚШ, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерден түскен. Айта кетейік, ұйымдастыру комитеті бастапқыда 100 елге ресми шақырту жіберген.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ережесіне сәйкес, жарыс бағдарламасына спорттың 42 түрі енгізілген.

31 тамызда спорттық делегациялар VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі аясында елдер шеруіне қатысады. Командалар бұл шараға бірыңғай ұлттық киіммен шығуы тиіс.

Еске салайық, 31 тамызда Бішкектегі жаңа стадионда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ауқымды ашылу салтанаты өтеді.

Ал Ойындардың негізгі спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламасы 2-6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласы мен Қырчын шатқалында жалғасады.

Бұған дейін Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған бейнероликті таныстырған болатын.

Сондай-ақ 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының талисманы ретінде ілбіс таңдалғаны хабарланған еді. Оған Батай деген есім берілді.

Мамыр айында Бішкекте Ойындардың басталуына 100 күн қалғанын көрсететін электронды кері санақ тақтасы ресми түрде іске қосылды.

Қырғызстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының рухани және үйлестіруші орталығы мәртебесін елге заң жүзінде бекіту ұсынылып отыр.

Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көк бөрі мен көкпар жарыстары жеке-жеке спорттық дисциплина ретінде өткізіледі.