VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын 150-ден астам спортшы қорғайды
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы толық жасақталды. Құрамаға 155 спортшы, 49 жаттықтырушы жəне өзге де мамандар енді.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметінше, делегацияның барлық мүшесі бірыңғай спорттық киіммен қамтамасыз етілді. Команданы даярлау жұмыстары Ұлттық жəне ат спорты түрлері орталығының үйлестіруімен өңірлік спорт басқармалары жəне ұлттық спорт федерацияларымен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
— Қазіргі таңда спортшылар оқу-жаттығу жұмыстарының соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Көкпар жарыстарын өткізуге қатысты дайындыққа да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, аттарды тасымалдау, орналастыру, күтіп-бағу жəне ветеринариялық сүйемелдеу мəселелері пысықталды, — делінген хабарламада.
Жиын соңында Туризм жəне спорт министрі Ербол Мырзабосынов ұлттық құрама мүшелеріне сəттілік тілеп, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғауға үндеді.
Министр спортшылардың жоғары спорттық нəтиже көрсетіп, медальдық есепте үздіктер қатарынан көрінуіне, сондай-ақ жанкүйерлерге жарқын əрі тартысты бəсеке сыйлайтынына сенім білдірді.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 29 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өтеді.
Жарыс бағдарламасына спорттың 43 түрі енгізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Еске салайық, бұған дейін көкпар VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жеке спорт түрі ретінде енгізілгенін хабарлаған едік.