VI шақырылымдағы Алматы мәслихатының құрамы 65%-ға жаңарды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін VІ-шы шақырылымдағы Алматы қаласы мәслихатының 1-ші сессиясы өтіп, онда депутаттар қала мәслихатының хатшысын және тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлады.

VI шақырылымдағы Алматы мәслихатының құрамы 65%-ға жаңарды

Қала әкімдігі сайтының хабарлауынша, шара барысында жиналғандар мәслихаттың хатшылығына ұсынылған Қалдыбай Қазанбаевтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді, ол өткен шақырылымда да осы лауазымды атқарған болатын. Жалпы, VI-шы шақырылымдағы Алматы мәслихатының құрамы 65%-ға жаңарды.

Сайланған 37 кандидаттың арасында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар мен репатрианттар да бар. Олар - №33 сайлау учаскесінен «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясы» қоғамдық ұйымының төрайымы Ләззат Қалтаева, №31 сайлау учаскесінен Фарида Мерхамитқызы.

Халық қалаулыларының жасына қарай құрамы да толық өзгерді. Егер өткен шақырылымда 18-29 жас аралығындағы жастар өкілдері жоқ болса, биыл 2 жас депутат (депутаттардың жалпы санының 5,4%-ы) бар.Сайланған депутаттардың орташа жасы - 48.

Депутаттардың жаңарған құрамына түрлі ұлттар мен диаспорлар өкілдері де енген. VI-шы шақырылымдағы мәслихат депутаттығына орыстар, кәрістер, татарлар және ұйғырлармен бірге 1 түрік және 1 қарашай (барлығы 5,4%) сайланған.

Қала әкімі Бауыржан Байбек депутаттар жұмысының өте маңызды, әсіресе Елбасының бюджеттік қаржыны тиімді пайдаланудағы, Үкіметпен бірлесіп «Ұлт жоспарын» және «5 институцио­налдық реформаны» жүзеге асыру үдерісін заңна­малық тұрғыдан қамтамасыз етудегі, «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асуына бақылауды күшейтудегі рөлінің зор екендігін атап өтті.

Әкім мәслихаттың алғаш рет 3 партиядан тұратындығын атап өтті. Бүгінгі күні мәслихатты «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл» партияларының өкілдері құрайды.

«Қаламыздың тарихында алғаш рет «Нұр Отан» партиясы 70% -дан аса дауыс жинады.Мемлекет басшысы «Нұр Отанға» теңдессіз қолдау көрсетілгендігін, сондықтан осынау жоғары сенімді ақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол демократиялық күштердің Жалпыұлттық Коалициясын одан әрі дамытуға ерекше назар аударды. Президенттің тапсырмасына сәйкес біз қаламыздағы және мәслихаттағы барлық партиялардың өздерінің электораттарын ұсына отырып, еліміздің игілігі, бірлік пен тұрақтылық жолында жұмыс істеуі үшін демокартиялық күштердің қалалық коалициясының жұмысын күшейтуге тиіспіз. Біз қаланың және қала тұрғындарының мүддесі үшін барлық партиялардың ұсыныс- пікірлерін ескеруіміз қажет», - деді қала әкімі.

Аталған міндеттерді жүзеге асыру, мәслихаттың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында алты тұрақты комиссиялар құрылды. Экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Сергей Козлов, көлік пен тұрғын үй саясатын дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы болып Роза Бадаева, құрылыс және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Мұрат Әділханов, кәсіпкерлік пен тұрғын үй- коммуналдық шаруашылықты дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Константин Авершин, әлеуметтік- мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы болып Ханзада Есенова, жергілікті мемлекеттік басқару мен заңдылық жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы болып Динар Нүкетаева сайланды.