Вице-министр қоғамдық кеңестердегі кемшіліктерді атады
«Бізге қоғамдық кеңестер мен мәслихаттар қызметтерін жіктеу керек. Олар көп жағдайда мәслихаттар қызметін қайталап жүр. Шын мәнінде мәслихаттарда нақты билік бар, олар шешім қабылдайды, ал қоғамдық кеңес - ол консультативтік орган. Олар мемлекеттік органдарға кеңес беріп, мониторинг жүргізуі тиіс. Атап айтқанда, заңда қоғамдық кеңестер нормативтік-құқықтық актілер жобаларын қарастыруы тиіс деген міндет ескерілген, яғни бұл мәселеде олар мәслихаттармен қатар тұр. Кеңестер қандай актілерді қарастыратынын өздері шешуі тиіс. Ал заңнамада олар бұл шараларға міндеттелген», - деді ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Сергей Коновалов Парламент Сенатында өткен отырыста.
Оның сөзіне қарағанда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ұсыныстарына сәйкес, қоғамдық кеңестерде азаматтық қоғам өкілдерін 90 пайызға дейін жеткізу керек.
«Бұдан бөлек, ротация тетіктері болуы тиіс. Яғни, қоғамдық кеңестер құрамындағы кейбір мүшелер өздерінің міндеттерін лайықты деңгейде атқармайды. Осы орайда, ол жерлерде теңгерімсіздік туындайды. Бір-екі адам белсенді жұмыс істесе, қалғандары қол қусырып отырады. Бұл тұрғыда кеңес жұмысының қадірін кетіруге болмайды», - деді ол.
С. Коноваловтың айтуынша, аталған мәселелер бойынша ұсыныстар ескеріліп, оларды заңнамаға енгізу қарастырылуда.
Жалпы Қазақстанда 229 қоғамдық кеңес бар. Олардың негізгі бөлігі аудандық және қалалық деңгейде. Кеңестер жұмысына 3 907 адам жұмылдырылып, соның арасында 22 пайызы меморганның, 20 пайызы үкіметтік емес ұйым өкілі. Қоғамдық кеңестерде 213 әкімнің, 16 орталық меморган басшысы және 1,3 мыңнан астам жергілікті атқарушы орган есебі тыңдалды.