Вице-министр петицияға шығаруға болмайтын мәселелерді атады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілісте өткен дөңгелек үстел отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасын таныстырған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров петиция беру тәртібі заңнамамен қалай реттелетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заңнамада «петиция» ұғымы айқындалады. Сонымен бірге, петиция беру жөніндегі өтінішті Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет порталы арқылы бере алады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітіледі. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияның белгіленген шарттарға сәйкестігін айқындайды. Шарттарға сәйкес келмеген петиция қабылданбайды», - деді ол.
Вице-министр аталған шарттарға қандай бастамалар сәйкес келмейтінін де атады.
«Мемлекеттік басқару нысаны, әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, ұлттық қауіпсіздік сияқты мәселелерге қатысты петициялар беруге тыйым салынған. Петиция беруге тыйым салынған бұғаттар ұлттық заңнамамен реттеледі», - деді Данияр Қадыров.