Вице-министр: Тариф белгілеуді ынталандыратын жаңа әдіс енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тарифті белгілеудің жаңа ынталандырушы әдісі енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын таныстыру барысында Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министр: Тариф белгілеуді ынталандыратын жаңа әдіс енгізіледі

«Заң жобасымен тарифті белгілеудің жаңа ынталандырушы әдісін енгізу жоспарланып отыр. Бұл әдіс инвестицияларды тартуға, операциялық шығындарды төмендетуде субъектілерді ынталандыруға, субъектілердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Егер де тарифтерді қалыптастыру мен бекітудің тетігіне тоқталсақ, онда тарифтердің қызмет ету кезеңі 5 және одан артық мерзімді құрайды», - деді ол.

Жұманғариннің сөзіне қарағанда, тариф үш негізгі құрамдауыштан тұрады: субъектілердің операциялық шығыстары; инвестицияланған капиталға кірістілік; инвестициялық капиталдың қайтарылуы.

Өз кезегінде операциялық шығыстар екі топқа бөлінеді, яғни қадағалаудағы шығыстар мен бақыланбайтын шығыстар ескерілген.

Қадағалаудағы шығыстарға жөндеу жұмыстарына бағыталған қаржы; қызметкерлердің еңбегін төлеу қоры мен өндірістік процесті қамтуға қажетті өзге де шығындар; әкімшілік шығыстар жатады.

Бақыланбайтын шығындарға ұйымдар іске асыратын қызметтерді төлеуге, салық пен алымдарға жұмсалатын қаржы жатады. Себебі бұл қаржылық шығыстар субъекті тарапынан қадағаланбайды.