Вице-премьер Ә.Исекешев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы апаттың салдарын жою бойынша штаб отырысын өткізуде

ҚАРАҒАНДЫ-ТЕМІРТАУ. 27 маусым. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатында орын алған ауқымды апатқа байланысты вице-премьер-ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Теміртауға келді.

Вице-премьер Ә.Исекешев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы апаттың салдарын жою бойынша штаб отырысын өткізуде

Әсет Исекешев апат орын алған жерде болды. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ апаттың салдарын жою бойынша штабтың отырысы өтіп жатыр.

Компанияның баспасөз қызметінің ақпарына сүйенсек, апат басты өндірістерге әсер еткен, бірақ комбинат бүгінде жұмыс істеп тұр.

Еске сала кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ХУ-1 коксохимиялық өндірісінде биылғы 26 маусым күні сағат 16.15-те темір-бетон түтін мұржасы опырылып, жарылған. №5 кокс батареясының аралық жылу қабырғасындағы жанғыш өнімдерді жоюға арналған мұржа бөлініп кеткен. Мұржаның сыртқы диаметрі 11 метрді, биікті 90 метрді құрайды.

Нәтижесінде диаметрі 2000 мм тікелей кокс газының газ құбырына зақым келіп, оның соңы кокс газының, көмір дайындау цехы галереясының өрттенуіне әкеліп соқты. Коксохимиялық өндірісің химиялық ұстау цехының жұмысы тоқтатылды.