Вице-премьер Алтай Көлгінов БҚО-да тұрғындармен, жастармен жүздесті
ОРАЛ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында тұрғындармен, жастармен жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Алтай Көлгінов ауылдық жерлерге жетіспейтін мамандарды жіберу, оларды баспанамен қамту және басқа мәселелер төңірегінде жастармен кеңесті.
Премьер-министрдің орынбасары қазіргі уақытта шағын несие беру бағытында министрлік тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, қомақты қаржы бөлініп отырғанын жеткізді.
«Осы бағдарлама жергілікті жастарға жетіп жатыр ма, қандай ұсыныстар бар, соны білуге келдік», - деді А.Көлгінов.
Бұдан кейін жастар ұйымдарының өкілдері сөз алып, спортпен айналысу, жаңа жобаларды қолға алу, бос уақытты ұйымдастыру бағытында өз тәжірибе, пікірлерін бөлісті.
Осындай мазмұндағы тұрғындармен кездесу Теректі ауданында да болып, Премьер-министрдің орынбасары жаңадан салынып жатқан аурухана құрылысымен танысты.
Алтай Көлгінов сондай-ақ Бәйтерек ауданы Макаров ауылдық округіне қарасты Жалын ауылында бой көтеріп жатқан тоғызжылдық мектеп құрылысы басында да болды.

Мұнда 60-тан астам адам жұмыс істеп жатса, соның ішінде жергілікті тұрғындар да бар.
Ірі панельді 54 орындық мектептің құрылысын оралдық «KazConstructionGroup» ЖШС жүргізуде. Тапсырыс беруші –ҚПО б.в. компаниясы.




