Вице-премьер: Ауыл шаруашылығы - экономиканың маңызды қозғаушы күштерінің бірі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева Қазақстан Жер шары халқының жартысын азықпен қамтамасыз етуге қауқарлы деп есептейді.
«Ауыл шаруашылығы - экономиканы алға сүйрейтін маңызды қозғаушы күштердің бірі. Біздің жер, ауыл шаруашылығы ерекшеліктері, оның үстіне ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды пайдалану арқылы Қазақстанның жарты әлемді асырау мүмкіндігі бар. Міне, жерге көмілген «алтын кеніш» осында жатыр. Аграрлық университеттерде оқып жатқандар, осы салада жұмыс істегісі келетіндер үшін дәл осы жерде үлкен әлеует жатыр», - деді ол бүгін Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агро-Техникалық университетіне жасаған сапары кезінде.
«Мамандарды даярлау, ғылымды дамыту және оқытудың жаңа әдістерін енгізу жедел қарқынмен жүру керек. Осыған байланысты, біз еліміздің алдыңғы қатарлы ойшылдары мен Қазақстанның зиялы қауымы шоғырланған институттар мен университеттерге үлкен үміт артамыз», - деп атап өтті вице-премьер.