Вице-премьер Қазақстанда студенттік туризмді дамытуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева Қазақстанда студенттік туризмді дамытудың нақты шараларын жасақтауды тапсырды.

Вице-премьер Қазақстанда студенттік туризмді дамытуды тапсырды

«Студенттік туризмді дамыту - өте жақсы идея. Бірлесе отырып, туристік маршруттарды анықтауға болады. Инфрақұрылымға бүгінде көңіл толмайды. Бізде әлі Түркия, Дубай немесе батыс Еуропа елдеріндегідей емес», - деді ол бүгін Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетіне жасаған сапары кезінде.

Вице-премьер туристік саланың алдында бірқатар мақсат-міндеттер тұрғандығын тағы бір еске салып өтті. Оның бастысы - ішкі туризмнің үлесін арттырып, жақын мемлекеттерден туристерді көптеп тарту болып табылады. Д.Назарбаеваның айтуынша, туристік инфрақұрылымды әлеуеті жоғары жерлерде дамыту қажет.

«Оны жасанды түрде салып, кейін ол инфрақұрылымдар бос қалып жатса - бос әурешілік болады. Мемлекет туризмнің әлеуеті жоғары аудандарға ғана жол және қажетті коммуникация құрылысына жауапты», - Д. Назарбаева.