Вице-премьер медицинадағы зертханалық қызметтерді жеке секторға тапсыруды ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында медицинадағы зертханалық қызметтердің бәрін жеке секторға тапсыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру көлемі 9 есе өсті.
Бағасы қымбат зерттеулер бүкіл азаматтарға медициналық себептер негізінде қол жетімді болды. Мұндай орталықтар Батыс өңірді қоса алғанда, төрт өңірде, сондай-ақ Қарағандыда бар. Менің ойымша, бұл өте маңызды нәтиже. Біз жақында Алматыда осындай орталық аштық. Ол орталықты жеке сектор ашып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды ынталандыруымыз керек. Барлық қызметтерді, соның ішінде зертханалық қызметтерді жеке секторға беру керек деп ойлаймын», - деді Ералы Тоғжанов.
Оның айтуына қарағанда, жедел жәрдем қызметінің стандарттары жетілдірілмек.
«Бағдарлама аясында Үкімет ауылда кемінде 80 нысан салуды жоспарлаған. Сол арқылы медициналық инфрақұрылымды жақсарту, аудандық ауруханаларды, перзентханаларды қажетті жабдықтармен жарақтандыру, жедел жәрдем қызметін кезең-кезеңімен медициналық көмек көрсету стандарттарына көшіру шараларын іске асыру көзделіп отыр», - деді вице-Премьер.