Вице-премьер мемлекеттік сатып алулар бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов мемлекеттік сатып алулар бойынша комитетті құруды ұсынды.

Вице-премьер мемлекеттік сатып алулар бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуді ұсынды

«Бірыңғай ұйымдастырушы арқылы сатып алуларды орталықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біздің тарапымыздан тиісті комитетті құру туралы ұсыныс жасалды. 2015 жылдың қаңтарынан бастап осы тектес органдарды жергілікті деңгейде құру қарастырылуда», - деді министр.

Б.Сұлтановтың сөзіне қарағанда, бірінші кезекте бюджеттік инвестициялық жобалар орталықтандырылады.

Сонымен қатар осы бағытта заңнаманы жетілдіру мәселесіне тоқталған ведомство басшысы бұл құжат бюджет қаржысын үнемдеуді және сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс екендігін атап өтті.

«Сондықтан да биылғы 1 шілдеге дейін мемлекеттік сатып алулар бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуді Қаржы министрлігіне тапсыруды ұсынамыз. Онда қазіргі заманғы халықаралық тәжірибе, яғни БҰҰ-ның типтік жаңа заңы, FIDIC стандарттары, сондай-ақ өзіміздің ақпараттық технологияларды пайдаланудың жинақталған тәжірибесі және мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру бағыттары ескерілуі тиіс», - деді министр.