Видеоблогер «Самұрық Қазынаға» қалай жұмысқа тұруға болатынын көрсетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Видеоблогер, APEX Consult бақылау кеңесінің төрағасы, Шымкент әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Данат Жумин «Самұрық Қазына» құрамына қалай жұмысқа кіруге болатындығын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеоблогер «Самұрық Қазынаға» қалай жұмысқа тұруға болатынын көрсетті

Блогер ұлттық әл ауқат қорының эксперттік-кеңестік жиынына қатысқан.

Данат Жумин «Самұрық Қазына» АҚ HR басқарма директоры Ұлан Тәжібаевтан: «Көкелердің» көмегімен жұмысқа тұруға бола ма?» деп сұраған.

«2014 жылдан бері «Самұрықта» трансформация жүріп жатыр. Қызметкерлердің жақсы жұмыс жасауына мотивация жасап, олардың мансабының өсуіне ықпал етеміз. Жұмысының нәтижелілігін бағалаймыз. Жұмыс тиімділігін арттыруға көмектесетін заманауи құралдармен қамтамасыз етеміз», - деп жауап берген оған Ұлан Тәжібаев.

Оның айтуныша, «Самұрық Қазына» АҚ-ға кез келген адам жұмысқа тұра алады.

Ол үшін адам өз мүмкіндігін әділ бағалап, оған қойылатын талаптарды ескеруі тиіс. Сонан соң онлайн режімде өтініш бере алады.

НР маманы жоғарыдан түсетін қоңыраулар туралы да айтып кетті. 

«Мұндай қоңырауларға жауабым бар. Ол адамдар келсін де, біздің тестілерден өтіп көрсін. Компанияда бағалау жүйесі бар. Өз ісінің шеберлері, білімді, ақылды, ешкімге ұқсамайтын адамдар тесттен қиындықсыз өтеді. Маған ол адамның қайда білім алғаны маңызды емес. Менің түсінігімше, адамды жоғарыдағылардың талабымен алсам, өзімнің штатыма протекцияға тап болатын адамды алуым мүмкін. Басқалармен тең дәрежеде жоғарыдан түскен талап әлгі үміткерге минус болады», - деді ол.

Ұлан Тәжібаев 2006 жылы Қазақ ұлттық университетін халықаралық құқық мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстанда, Астанада түрлі лауазымды қызметтерде жұмыс істеп келген.