VII қысқы Азия ойындарының билеттік-өткізу жүйесі белгілі болды

АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Қазақстан баспасөз клубында 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының билеттік-өткізу жүйесіне арналған баспасөз мәслихаты болды.

VII қысқы Азия ойындарының билеттік-өткізу жүйесі белгілі болды

Онда Ақ Азиада билетінің үлгісі көрсетілді.

«2010 жылғы VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң атқарушы дирекциясы» АҚ-ның Билеттік жүйе басқармасының бастығы Мәсімжан Таипов қазіргі уақытта 350 мың дана билет басылып, қолданысқа дайын тұрғанын мәлім етті. «Билеттердің көшірмесін жасау мүмкін емес. Билет бетіндегі жылтыр жолақ пен арнайы қара белгі жоғары технологияның көмегімен ғана жасалады. Ол үшін арнайы 72 принтер жұмыс істейді», - деді ол.

Оның айтуынша, билеттерді ойдағыдай тарату және сату жобасын жүзеге асыру үшін Ойындардың бірыңғай бақылау-өткізу жүйесі құрылған.

«Бұл билеттерді онлайн арқылы да алуға мүмкіндік береді. Жалпы, Астана мен Алматы қалаларының билеттері бір-біріне ұқсамайды. Билеттер Алматыда - 11, Астанада 9 кассада, сондай-ақ қосымша және ойын өтетін орындардағы кассаларда сатылатын болады», - деді М. Таипов.

Сонымен қатар, Азиаданың ашылуы секілді ірі шаралар басталарға 3 сағат қалғанда сол жердегі билет сату кассасы жұмысын тоқтататыны айтылды. Ұйымдастыру комитеті өкілдері бұл қауіпсіздік мақсатында жасалып отырған шара екендігін жеткізді.

Жалпы, Ақ Азиаданың салтанатты ашылу рәсімі билеттерінің құны 7500 теңге мен 15000 теңге аралығында болса, жабылу салтанатына арналған билеттердің бағасы - 4500 теңге мен 12000 теңге аралығында болмақ. Ал жарыстар билеттерінің орташа құны - 750-4500 теңге аралығында.