VII «SAMGAU» халықаралық фестиваліне 15 театр қатысады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 10-16 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында VII «SAMGAU» халықаралық театр өнері фестивал өтеді. Шара жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады және Елорда күніне арналған мерекелік шаралар легін бастайды.

VII «SAMGAU» халықаралық фестиваліне 15 театр қатысады

«SAMGAU» театр фестивалі елордалық өнер сүйер қауым тағатсыз күтетін шаралардың бірі. Фестивальде еліміздің және таяу шетелдің айтулы театр ұжымдары бас қосады. Шара қонақтары өздерінің үздік туындыларын «Жастар» театрының, Қазақ драма театрының және Nomad City Hall комедия театрының сахналарында қояды.

Биыл театр өнері апталығында 15 ұжым өз өнерлерін ортаға салмақ, оның ішінде бесеуі елордалық: «Жастар» театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, «Nomad City Hall» комедия театры мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловтің театры «SAMGAU» фестиваліне алғаш рет үлес қоспақ.

Сонымен қатар, халықаралық шара барысында Қазақстаннан Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан драма театры (Петропавл), «Жаңа ғасыр» театры (Алматы қ.), Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры (Павлодар қ.), С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры (Қарағанды қ.), Шығыс Қазақстан облысының драма театры (Өскемен) шақырылды. Ал, шетелдік қатысушылардың арасында Өзбекстан мемлекеттік драма театры (Ташкент қ.), «У Моста» Пермь театры (Ресей, Пермь қ.), Жаңа көркем театры (Ресей, Челябі), «Pilies» театры (Литва, Клайпеда қ.), Б. Кыдыкеева атындағы Қырғыз Мемлекеттік жас көрермен театры (Қырғызстан, Бішкек қ.) бар.

VII «SAMGAU» халықаралық театр өнері фестивалі аясында спектакль көрсетілімдерінен басқа, сахна майталмандары актерлік шеберлік пен режиссурадан шеберлік дәрістерін өткізеді. Фестиваль бойынша толық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасының сайтында ұсынылған.