Википедианың қазақ тіліндегі рейтингі 25-орынға көтерілді
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазақша википедиа» жобасына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Бір жарым жылдың ішінде жобаның қазақтілді материалдардың саны 20 есе өсіп, 200 мың мақалаға жетті. Ал мақалаларды жазуға және оған редакторлық жасауға белсенді әрі тұрақты түрде араласып жүретін пайдаланушылардың саны 230 адам болды. «WikiBilim» қоғамдық қорының басшысы Рауан Кенжеханұлының атап өткеніндей, осы көрсеткіштердің арқасында қазақ тілі Википедиа тілдері арасында 127-орыннан 25-орынға жоғарылады.
«Жобаның басты мақсаты - Википедиа жаһандық энциклопедиясында қазақ тіліндегі тарауды дамыту. Энциклопедия мақалалары пайдаланушылардың редакторлығымен қойылады. Жобаның бастапқы кезеңінде энциклопедияның қазақша мақалалар саны 7 мыңнан, редакторлардың саны 4 адамнан аспаған еді», - дейді ол.
Оның айтуынша, қазақша википедиа мақалалары айына 8 миллион рет оқылады. Ең жоғары көрсеткіш қыркүйек айында байқалған. Ол кезде қазақша википедианың беттері 10 миллион рет қаралған.
«Қазақша википедианың дамуына «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының редакциясы үлкен үлес қосты. Олар біздің электронды кітапханаға 50 мыңнан астам материал сыйға тартты», - деп түйіндеді сөзін Р.Кенжеханұлы.