Вильнюсте ҚР Конституциясының 15 жылдығына орай қабылдау өтті
СТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Елшілігі тамыздың 27-сінде Вильнюсте Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына орай қабылдау ұйымдастырып, оған литва тарапынан министрліктер мен ведомстволардың басшылары, Сейм депутаттары, Литваның еуропарламентшілері, қоғамдық-саяси және іскер топтардың, зиялы қауымның өкілдері, дипломатиялық корпус пен Балтық елдеріндегі қазақ диаспорасы қатысты.
Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елші Ғалымжан Қойшыбаев жиналған қауымды Конституция қабылданғаннан бергі еліміздің жүріп өткен жолымен, республиканың саяси және әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен, Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан негізгі сыртқы саяси бастамалармен таныстыра келе, Қазақстанның ағымдағы жылғы маңызды міндеті - ЕҚЫҰ төрағалығы болып табылатынын атап көрсетті.
Дипломат сондай-ақ, тағы бір атаулы күн - Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың дүниежүзілік күні қарсаңында, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыстағы белсенді жұмыстары үшін литвалық бір топ азаматтың ескерткіш медальдармен марапатталғанын хабарлады.
Ғалымжан Қойшыбаев сонымен бірге, қазақ диаспорасының мүшелерін Литва қазақтарының «Нұрсәуле» қоғамының құрылуымен құттықтады.
Шараның барысында сондай-ақ, көкшетаулық «Айнакөл» фольклорлық ұжымы өнер көрсетті.