«Вильярреал» «Астана Аренада» жаттығу өткiздi (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Вильярреал" командасы "Астана Аренада" матч алдында жаттығу өткiздi.
Испаниялық футболшылар аздап ет қыздырып алған соң, жұп-жұпқа бөлiнiп, доппен жұмыс iстеудi бастап кеттi. Кейiн ойыншылар екi топқа iрiктелiп, "шаршы" атты сайысқа түстi.
Тiлшiлердiң бар назары жақында ғана аяқталған Әлем чемпионатының қатысушысы - Мексика командасында шабуыл өтiнде болған көшбасшы Джованни Дос Сантос пен Ресей құрамасының футболшысы Денис Черышевте болды. Жарты сағат өткеннен кейiн тiлшiлер шығуға мәжбүр болды, себебi "Вильярреал" "Астанаға" қарсы тактиканы машықтауға кiрiсуi тиiс болатын. Еске сала кетейiк, ертең "Астана" мен "Вильярреал" Еуропа Лигасының плей-офф сыны аясында кездесу өткiзедi. Қарымта матч Испанияда 28 тамызда өтедi.