Вирустық гепатит адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті

ОРАЛ. KAZINFORM — Жіті вирустық гепатит — бауырды зақымдайтын вирустық инфекциялық аурулар тобы. Мұның адам денсаулығы үшін қауіптілігі және одан сақтанудың жолдары қандай? Осы орайда Kazinform тілшісі БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Мира Қауымбаеваға бірнеше сауал қойған еді.

бауыр ауруы, гепатит, цирроз
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

— Мира Нұрланқызы, жіті вирустық гепатит адам денсаулығына қаншалықты қауіп төндіреді?

— Жіті вирустық гепатит — бауырдың вирустар әсерінен дамитын қабыну ауруы. Аурудың кейбір түрлері адамнан адамға жұқса, бірқатары қан және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы беріледі. Оның қауіптілігі гепатиттің түріне, ағымына және адамның жалпы денсаулық жағдайына байланысты.

Кей жағдайда ауру жеңіл өтіп, адам толық сауығып кетуі мүмкін. Алайда аурудың ауыр түрінде бауыр қызметінің бұзылуы, интоксикация және басқа да асқынулар болуы ықтимал. Сондықтан әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, жүрек айнуы, іштің ауыруы, зәрдің қараюы, тері мен көздің сарғаюы сияқты белгілер байқалса, дәрігерге уақытылы қаралу маңызды.

— Бұл кеселдің гепатиттің басқа түрлерінен айырмашылығы қандай?

— Жіті вирустық гепатит аурудың жедел, яғни жаңадан басталған кезеңін білдіреді.

Ал вирустық гепатиттерді қоздыратын вирустар әр түрлі болып келеді: А, В, С және басқалар. Мысалы, А гепатиті көбіне ластанған су немесе тағам арқылы жұғады және әдетте созылмалы түрге өтпейді. Ал В және С гепатиттері қан және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы берілуі мүмкін. Кей жағдайда созылмалы инфекцияға айналып, бауыр циррозы немесе бауыр обыры сияқты ауыр асқынуларға соқтыруы ықтимал.

Сондықтан гепатиттің әр түрінің жұғу жолы, клиникалық ағымы, алдын алу және емдеу тәсілдері бір-бірінен ерекшеленеді.

— Жіті вирустық гепатитке шалдыққан адам тек ауруханада емделе ме?

— Науқастың бәрі бірдей міндетті түрде ауруханада емделеді деп айтуға болмайды. Ауруханада жатқызу қажеттілігін дәрігер науқастың жай-күйіне және аурудың ауырлығына қарай анықтайды.

Жеңіл және орташа ауырлықтағы кейбір жағдайда дәрігердің бақылауымен амбулаториялық ем қабылдауға болады. Ал аурудың ауыр ағымы, айқын интоксикация, бауыр қызметінің бұзылуы немесе асқыну қаупі болған жағдайда науқас стационарға жатқызылады.

Ең бастысы — өздігінен ем қабылдамай, диагнозды нақтылап, дәрігердің ұсынымдарын сақтау.

Мира Қауымбаева
Фото БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен

— Енді Батыс Қазақстан облысындағы статистикалық деректерге тоқтала кетсеңіз...

— Өңірде жыл басынан бері 2 адамның жіті вирустық гепатитке шалдыққаны тіркелді. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 0,29-дан келеді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, сырқаттанушылық деңгейі өзгеріссіз қалып отыр. 2025 жылы да 2 адам осы дертпен ауырған болатын. Демек, қауіп сейілді деп айтуға болмас.

— Ендеше, жіті вирустық гепатиттің алдын алу үшін не істеу керек?

— Әр адам ең әуелі қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауы қажет. Атап айтқанда, жеке бас гигиенасына көңіл бөліп, қолды үнемі сабынмен жууды естен шығармаған жөн. 

Сондай-ақ қауіпсіз ауыз суды пайдалану, судың сапасына назар аудару, көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынар алдында мұқият жуу артықтық етпейді. Тағам өнімдерін дұрыс сақтап, термиялық өңдеуден өткізген дұрыс. 

Сол секілді медициналық және косметологиялық процедуралар кезінде тек стерильді немесе бір рет қолданылатын құралдардың пайдаланылуына көз жеткізу керек. Татуировка, пирсинг және маникюр сияқты процедураларды санитариялық талаптарды сақтайтын мекемелерде жасатқан абзал. 

Ұстара, тіс щеткасы, маникюр құралдары сияқты жеке қолданылатын заттарды басқа адамдармен ортақ пайдаланбау, қанмен және биологиялық сұйықтықтармен байланыста болған кезде қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды. 

Оған қоса дәрігердің ұсынымына сәйкес вирустық гепатитке қарсы вакцинациядан өткен жөн. Аурудың алдын алуда медициналық тексерулерден уақытылы өту және инфекция белгілері байқалған жағдайда медициналық ұйымға жүгінудің мәні зор.

— Әңгімеңізге рақмет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көкжөтелге шалдыққан балалар саны 60-қа жуықтағанын жазған едік.