«Вирусты гепатиттің диагностикасы және емі. Германия тәжірибесі» атты жұмыс кеңесі өткізілді
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Вирусты гепатиттің диагностикасы және емі. Германия тәжірибесі» атты жұмыс кеңесін өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл кеңес эпидемиологиялық жағдайды жақсарту, онкологиялық қан және вирусты гепатит ауруымен сырқат адамдарға медициналық көмекті ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ қан қызметін ресурстық қамтамасыз ету бойынша 2010 жылға бекітілген кешенді іс-шаралар жоспары шеңберінде өткізілді. Оған министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Астана қаласы ғылымының өкілдері, швейцариялық Хоффман Ля Рош фармацевтикалық компаниясының өкілдері қатысты.
«Жұмыс кеңесінде Кристоф Сарразин - Гете университеті госпиталінің Гастроэнтерология және гепатология департаментінің медицина профессоры; гепатология және трансплантология бөлімшелерінің жетекшісі, Германиядағы «С» гепатитін емдеу жөніндегі ұсыныстарын әзірлеу комитетінің басшысы, бауырды зерделеу бойынша Еуропа Қауымдастығының мүшесі, бауыр ауруларын зерделеу бойынша Америка Қауымдастығының мүшесі, бауырды зерделеу бойынша Еуропа Қауымдастығында «С» гепатитін емдеу жөніндегі ұсыныстар әзірлеу бойынша консультациялық Кеңес мүшесі, «Гепатология» журналының редакциялық кеңесінің мүшесі баяндама жасады. Кристоф Сарразин эпидемиология мәселелерін және вирусты гепатиттің диагностикасы мен емін ұйымдастыру тарихын сипаттады, бұл патологияның диагностикасы мен емінің қазіргі ұсыныстарын көрсетті. Өткізілген кеңес шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, бауырды зерделеу бойынша Еуропа Қауымдастығы және Рош компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойлатын болады», делінген баспасөз қызметінің бүгінгі таратқан хабарламасында.