18:19, 25 Мамыр 2016 | GMT +5
Visa Азия бойынша пластикалық картасыз төлем жасауға мүмкіндік береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Американың трансұлттық «Visa» компаниясы Азия бойынша банк карточкаларын пайдаланбай төлем жасауға мүмкіндік тудырмақ. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумы аясында «Жаңа қаржылық технологиялар» атты сессияға қатыса отырып, «Visa» компаниясының ТМД және оңтүстік-шығыс Еуропа елдеріндегі бас директоры Мэнди Лэмб мәлім етті.

«Біз пластикалық карталардан цифрлы төлем жүйесіне ауысуды көздеп отырмыз. Бұл жоспарды жақын арада Азияда жүзеге асырғымыз келіп отыр. Әрине, төлемнің жаңа жүйесіне көшерде қауіпсіздікті қаперімізде ұстаймыз. Цифрлы төлемдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормативтік базаны құруымыз керек», - деді М.Лэмб.
Айта кетейік, 2016 жылдың ақпанында «Казкоммерцбанк» пен VISA Қазақстанда алғаш рет Android-смартфонының көмегімен терминал арқылы төлем жасау жүйесін енгізген еді.
М.Лэмбтің айтуынша, жалпы, Азия елдері қолма-қол ақша төлеу дәстүрінен карточкамен төлем жасау жүйесіне ауысып келеді.