Виталий Демьяненко АҚШ-та WBO нұсқасында Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша чемпиондық атағын қорғайды
АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Лас-Вегаста мамырдың 8-і күні Виталий Демьяненко чемпиондық атақтарын қорғау үшін мексикалық Лусиана Перезбен жекпе-жек өткізеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Спорттағы алғашқы қадамын дзюдодан бастаған Виталий 13 жасынан бастап бокспен айналысып келеді. Әлі күнге дейін өзінің ең алғашқы бапкері Александр Аникиннен тәлім алып келе жатқан ол 16 жасында спорт шебері атанып, жастар арасындағы Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді. Қазіргі таңда өз бағын кәсіпқой бокста сынап жүрген Виталий Ерік Жайлауов промоутерлігімен 5 жылдың ішінде толағай табыстарға қол жеткізді. Бұл жекпе-жекте ол мексикалық былғары қолғап шеберімен Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) Тынық мұхит аймағы бойынша чемпионы, Паназиялық бокс қауымдастығының (РАВА) және Азия бокс кеңесінің (АВС) чемпионы деген атағын қорғайтын болады. Өткен жылдың соңында тәжірибе алмасу үшін АҚШ-қа аттанған ол қазіргі кезде американдық промоутер Влад Уортоннан тәлім алып жүр. Бұған дейін бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін татпаған оның қарсыласы 1978 жылы мамырдың 17-сінде Мексикада дүниеге келген Лусина Перез. Қазіргі таңда Чикаго қаласында тұратын Л. Перез кәсіпқой бокста 2003 жылдан бері сайысқа түсіп жүр. Бұған дейін 16 кездесуде жеңіп, 9 кездесуде жеңіліп, біреуінде тең түскен бұл спортшы соңғы жекпе-жегін наурыздың 27-сі күні Чикагода Мигуел Хернандезбен өткізді.