Виталий Кличконың Головкинге айтары бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аса ауыр салмақтағы әлемге танымал украиндық боксшы Виталий Кличко қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Саул Альварестің жекпе-жегіндегі төрелікке қатысты пікірімен бөлісіп, олардың алдағы уақытта орын алуы мүмкін қарымта кездесуіне орай былғары қолғап шеберлеріне кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Головкин-Альварестің жекпе-жегі тәрізді айқасты Сіздің әрқашанда толқыныспен күтетіндігіңіз шындық. Өйткені, олар өте қабілетті спортшылар. Бірақ, нашар төрелік шешімдер бокста әр уақытта болған. Әр уақытта да нәтижеге көңілі болмай қалатындар да бола береді. Өкінішке орай қазіргі уақытта мұндай шешімдер арта түсуде. Алайда, егерде сен қарсыласыңды нокаутқа түсірсең, онда сенде төрешілер шешіміне қатысты ешқандай проблема болмайды. Мұндай жағдайда аталған проблемадан шығудың қарапайы жолы осы», - деп келтіреді Виталий Кличконың пікірін Boxingscene.com сайты.
Сонымен қатар даңқты боксшы WBC президенті Маурисио Сулейманның төрешілерге арнайы құлапқап беріп, олардың жұмысын жеңілдетуге қатысты идеясына да қолдау білдірген. Өйткені, жекпе-жекті көруге келген жанкүйерлердің айғай-шуы ұпай санын есептейтін төрешілерге кедергі келтіруі ықимал.
«Аздаған технология енгізу жөніндегі Маурисио ұсынысын қолдаймын. Ол бокс өміріне күнделікті қатысып жүрген адам және не қажет екендігін де біледі. Жекпе-жекте барынша объективті болу қажет. Егер енгізілетін жаңашылдық төрешілердің жұмысын жеңілдетер болса, онда мен ешқандай проблеманы көріп отырғаным жоқ», - деді ол.
Айта кетейік, 17 қыркүйекте WBA (Super), WBC, IBF мен IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) көптен күткен жекпе-жегін өткізді. Ол АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылған бокс кешінде мексикалық бокстың жарық жұлдызы - Сауль "Канело" Альвареспен (49-1-1, 34 КО) жұдырықтасып, тең түсті. Ал Головкин - Альварес реваншы 2018 жылдың 5 мамырында өтеді деп болжануда.