Вице-министр БҚО-да құтқарушының қалай пышақталғанын айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Батыс Қазақстан облысында құтқарушының пышақталуына байланысты өз нұсқасын айтты.

БҚО
Фото: Ақмола облысы ТЖД

«Өкінішке қарай, халықтың ішінде көмекке келген құтқарушылардың арқасына пышақ қадайтын адамдар бар болып шықты. Бұл қалай болды? Батыс Қазақстан облысында біздің екі құтқарушы өзен жағасына барып, адамдарды жағаның екінші жағына қайықпен бағыттап тұрған. Оларға екі жергілікті тұрғын жақындап, ілік іздей бастаған. Әупірімдеп ымыраға келгеннен кейін, әлгі екеу кетіп бара жатып құтқарушылардың бұл жақта қанша уақыт болатындарын сұрайды. «Біз бұл жерде аптаның жеті күнінде, тәуліктің 24 сағатында осы жерде боламыз», - деп жауап береді. Кешке әлгі екеу ішіп алып, мас күйінде қайта келеді де төбелес бастап кетеді. Осы кезде біреуі пышақ сұғып алады», - деді ол.

Бауыржан Сыздықов зардап шеккен құтқарушының жағдайына да тоқталды.

«Құдайға шүкір, қазір қызметкеріміз ауруханада жатыр. Жағдайы тұрақты. Дәрігерлер жақсы болып кетеді деп отыр. Заң бұзғандар ұсталды. Олар кінәларын мойындады және ауруханада жатыр», - деді вице-министр.

Еске салсақ, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесуге барған құтқарушы пышақ жарақатын алды.

Полицейлер төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерін пышақпен жарақаттаған Казталов ауданы Жалпақтал ауылының тұрғынын ұстады.

Жарақаттанған құтқарушы азаматтық қорғау органында 2021 жылдан бері, ал Жалпақтал ауылындағы №17 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі лауазымында 2023 жылдан бері қызмет атқарып келеді.