Вице-министр білім гранттарын сату жөніндегі жарнамаларға пікір айтты
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки ведомство білім гранттарына қатысты заңсыз әрекеттерді тексеруге дайын екенін айтты.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер университеттер гранттарын сату жарнамаларына қатысты сұрақ қойды. Бұл тұрғыда кейбір студенттер өз шағымдарын әлеуметтік желілерде жариялаған.
— Егер нақты фактілер болса, тексеруге дайынбыз. Ғаламтор кеңістігінде әртүрлі жарнамалар бар, олардың көпшілігі жалған болуы мүмкін және бұл мұқият тексеруді қажет етеді, — деді Д. Ахмед-Заки.
Вице-министр грант бөлу жүйесі қатаң түрде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қорытындысынан кейін жүзеге асырылатынын баса айтты.
— Қазір сынақ ҰБТ-ның бірінші кезеңі басталды, келесісі көктемде, ал соңғы кезеңі маусым айында болады. Алған ұпайлардың қорытындысы бойынша гранттарды бөлу жөніндегі комиссияның отырысы тамыз айында өтеді, — деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.
Заң аясында Халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына гранттар беру және «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізіледі.