Вице-министр қолма-қол ақшасыз сауда жасауды әдетке айналдырған қазақстандықтарға кеңес берді

мобильді аударым
Фото: ҚР Қаржы министрлігі

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қолма-қол ақшасыз сауда жасауды әдетке айналдырған қазақстандықтарға кеңес берді, деп Kazinform

«Мобильді төлемді QR-код арқылы емес, аударым арқылы төлеп үйреніп қалған қазақстандықтарға қандай кеңес бересіз. Қызметті немесе тауарды кедергісіз алу үшін қайтадан бұрынғыдай қалтасына қолма-қол ақша салып жүру керек пе?» - деп сұрады журналист.

Вице-министрдің айтуынша, онлайн төлем жасау тәртібі өзгереді екен деп қолма-қол ақша салып жүрудің қажеті жоқ.

«Тұтынушы ретінде айтатын болсақ тұтынушыларға қалтаңызға қағаз ақша салып жүру керек деп айтпаймын. Өйткені тұтынушы ретінде талапты мен қоямын ғой. Егер ақшасыз төлем жасаймын десем, жеке кабинетімде көрсетемін. Мысалы, такси жүргізуші аударым арқылы төлем жасамайтынымды білгендіктен тасымалдаудан бас тартса, 2 минутта басқа апарушы келеді. Өзіңіз білесіз, қазір бізде бәсекелестік дамып жатыр. Бұл біріншіден.

Екіншіден, егер такси жүргізуші тек қана қолма-қол ақша немесе мобильді аударым талап етіп тұрып алса, оның операторынан да сұрақтар туындауы мүмкін. Олардың белсенділік рейтингтері бар дегендей. Сондықтан заңды түрде салық төлейтін адамдардың қызметін таңдауға кеңес беретін едім.

Біз операторлармен меморандум жасап, келісіп жатырмыз. «Агенттік» деген ұғым кіргіземіз. Мысалы, операторлар таксидің құнына тасымалдаушыдан алатын салық мөлшерін қосып есептесе, көлік иесі салыққа бас ауыртпайтын болады. Оның салық органдарымен ешқандай байланысы болмайды. Осы тәсіл басқа да қызметтерге, сатушыларға қолданылуы мүмкін. Бұл қолдау тауып жатыр. Жаңа Салық кодексінде осындай нормалар болады», - деді Ержан Біржанов.

Вице-министр базардағы сатушылар қолма-қол ақша немесе мобильді аударым талап етсе, заңды түрде жұмыс істейтін басқа сатушыларды тауып алып, қажетті тауарды солардан сатып алу мүмкіндігі бар екенін еске салды.

Соңғы жаңалықтар
telegram