Вице-премьер доллар бағамы жайлы: Дүрбелеңге ерудің жөні жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметте валюта нарығын тұрақтандыратын құралдар бар. Бұл туралы Үкіметте өтіп жатқан брифингте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Нұрлан Байбазаров
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Мемлекет азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етеді. Келесі жылға арналған бюджет индекстелді және барлық әлеуметтік шығыс артты. Валютаны сатып алу, алмау әр азаматтың таңдауы. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда дүрбелеңге ерудің жөні жоқ деп ойлаймын. Біз мұндай жағдайды 2022 жылы бастан кешірдік. Сол уақытта адамдар бір долларды қайталама нарықтан 600 теңгеден сатып алды да түптеп келгенде теріс қаржылық балансқа тап болды, — деді Нұрлан Байбазаров БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Вице-премьердің атап өтуінше, Үкіметте валюта нарығын тұрақтандыратын құралдар бар және оның жалпы экономикаға, азаматтардың әлеуметтік қорғалуына теріс ықпалын барынша төмендету үшін қажетті шараның бәрі қолданылады. Сонымен қатар ол республикалық бюджетте 1 доллардың орташа бағамы 470 теңге деп белгіленгенін еске салды.

— Әзірше, аталған бағамды қайта қарастырайық деп отырғанымыз жоқ. Валюта бағамының динамикасын қараймыз. Меніңше, бірінші тоқсанда қай бағытта жүруміз қажеттігі айқындалып қалар, — деді ол.

Соңғы жаңалықтар