Вице-премьер Мәжілісте салық түсімдері мен бюджет тапшылығын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Серік Жұманғарин республикалық бюджет кірістерін қалыптастыру тетіктерін түсіндірді.
Экономиканың өсуі бюджетке түсетін салықтар соған пропорционал өсіп жатыр дегенді білдірмейді. Оған сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді, мәселен ҚҚС-ты қайтару, мұнай кірістерін бөлу сияқты бірқатар себептер бар. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау кезінде депутаттың қазынаға 3 трлн теңгеден астам қаражат кем түскені туралы сұрағына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин хабарлады.
Оның айтуынша, кірістердің қорытынды нәтижесіне энергия ресурстарының әлемдік бағасы мен ұлттық валюта бағамының долларға қатысты ауытқуы айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар вице-премьер отандық мұнай секторынан түсетін кірістердің толық көлемде тікелей Ұлттық қорға жіберілетініне арнайы назар аударды, сол себепті олар республикалық бюджетке стандартты салық түсімдерін есептеу кезінде есепке алынбайды.
– 2025 жылы бюджетке ҚҚС түсімі 6,1 трлн теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Бірақ осыған қарамастан, біз бюджет жоспарын 656 миллиард теңгеге орындаған жоқпыз. Өйткені жоспарда ҚҚС қайтаруға 877 миллиард теңге қарастырылған, ал біз 1 трлн 354 млрд теңге қайтардық. Сол себепті де осындай проблема бар, - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұған дейін Үкімет Торғай өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруға басымдық беретінін жазған едік.