Вице-премьер: Салықты көтерудің инфляцияға әсері бір жылда аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында салықты көтерудің инфляцияға әсері бір жылда аяқталады деп сендірді.

Вице-премьер: Салықты көтерудің инфляцияға әсері бір жылда аяқталады
Фото: ҚР Үкіметі

— Салық түсімдерінің өсуі жыл сайын 4-5 трлн теңгені құрайды деп күтеміз. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтып, мемлекеттік борыш деңгейін төмендетуге, қосымша ресурстарды инфрақұрылымды, агроөнеркәсіп кешенін, өңдеу өнеркәсібін және қорғанысты дамытуға көмектеседі.

Салықты көтерудің ықтимал инфляциялық әсері қысқа мерзімді болатынын және бір жыл ішінде аяқталатынын атап өту қажет. Қосымша инфляция 3% көлемде күтіледі, - деді Серік Жұманғарин.

Мұндай уәжді ол өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп айтып отырғанын жеткізді. 

— Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, ҚҚС өскеннен кейін орталық банктер көбіне пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді. Бұл экономиканы тұрақтандыруға ықпал етеді, - деді вице-премьер.

Еске салсақ, кеше Үкімет ҚҚС-ны саралап енгізудің жаңа шарттарын жариялаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар