Вице-премьер: Ұлттық банктің ақша-несие саясаты Үкіметтің ішкі қарыздарын қымбаттатып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет борыштарына қызмет көрсету шығындары неге күрт артқанын айтты.
Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев министрден Үкімет борыштарына қызмет көрсету шығындары 2024-2025 жылдары кейінгі 10 жылда рекордтық көрсеткішке жеткенін айтып, мұның себебін сұрады.
«Өздеріңіз білесіздер, кейінгі жылдары жалпы әлем экономикасына, геосаяси жағдайға байланысты бұл нарықтағы шарттар өзгеріп жатыр. Нарықтағы мөлшерлеме пайызы өсіп отыр. Мысалы, біздің сырттан қарыздар құбылмалы ставка арқылы тартылған. Алған кезде бір ставка болса, қазір жалпы жағдайдың өзгеруіне байланысты экономикадағы тәуекелдердің өсуіне байланысты халықаралық нарықтағы инвесторлар, банктер мөлшерлемесін өсіріп жатыр», - деді вице-премьер.
Оның сөзінше, Үкімет қарыздарының бір бөлігі ішкі нарықтан теңгемен алынғанын еске салды.
«Соңғы жылдары елімізде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі де өсіп келе жатыр. Бұл жүргізіліп жатқан ақша-несие саясатына байланысты. Сондықтан біз алып жатқан ішкі қарыздар да қымбаттап жатыр. Осы екі негізгі себеп қарыздарға көрсетілетін қызмет шығындарын өсіріп келді. Оның сыртында валюта бағамының құбылуы бар», - деді Ұлттық экономика министрі.