Витус Берингтің салмағы 500 келілік зеңбірегін ұрлаған күдікті ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Камчатка полициясы XVIII ғасырда Витус Беринг жүзген «Әулие Петр» кораблінде орнатылған зеңбіректі ұрлаған күдіктіні қолға түсірді.

Витус Берингтің салмағы 500 келілік зеңбірегін ұрлаған күдікті ұстады

Бұл туралы 26 наурызда Ресейдің ІІМ Камчатка өлкесі бойынша басқармасының сайтында хабарланған.

500 келілік шойын зеңбірек ағымдағы жылғы наурызда Камчаткадағы Петропавловск қаласында түсті металл қабылдайтын пункттердің бірінен табылған. Полициядан хабарлағандай, күдікті оны металл сынығы ретінде өткізу үшін ұрлағанын мойындады. Қазір зеңбірек Камчатка өлкелік мұражайына жеткізілді.

Беринг аралындағы (Командор аралы) Никольский ауылындағы мұражайда сақталған қарудың жоғалғандығы туралы 2012 жылғы көктемде қар кеткен кезде белгілі болды. Тергеу нұсқасы бойынша сол жылы ақпанда ер адам зеңбіректі шанаға салып, өз гаражына апарып қойған. Кейіннен ол зеңбіректі ағаш жәшікке салып, металл тасымалдаушы кемеге тиеп жіберген.