Владимир Беккер су қоршауында қалған ауылдың жағдайы туралы айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Ақмола облысындағы Колутон өзенінде су деңгейі көтеріліп кетті. Содан Ескі Колутон ауылының 20 ауласын су басқан. Аталған елді мекен автокөлік қатынасынан да қол үзіп қалды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, бүгін Ескі Колутон ауылындағы су деңгейі төмендей бастады.
«Кешеден бері су деңгейі 13 сантиметрге төмендеді. Бірақ әзірше асықпай-ақ қояйық. Сәл күте тұрған дұрыс. Дегенмен, алдағы екі-үш күнде Астраxан ауданындағы су тасқынының қаупі сейіле бастайды деген сенім бар. Автокөлік қозғалысы әлі ашылған жоқ», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кетейік, кешегі брифингте комитет басшысы Астраxан ауданы бойынша бірнеше ауылда жағдайдың күрделі екенін жеткізген еді. ТЖК баспасөз қызметінен хабарлағандай, 7 сәуір күні Астрахан ауданында Колутон өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ескі Колутон ауылындағы 20 ауланы су алып кеткен.
«Аулалардағы су деңгейі 30 сантиметр болып отыр. Бүгін болжам бойынша Колутон мен Ескі Колутонда су деңгейінің көтерілуі шырқау шегіне жетуі керек. Астрахан ауданы бойынша Колутон, Ескі Колутон және Ягодная ауылдары бойынша жағдай күрделі болып тұр. Ескі Колутон автокөлік байланысынан үзіліп қалды», - деп атап көрсетті В.Беккер.