Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Жеңістің 69 жылдығымен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақсатн Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.
Құттықтауда В.Путин: «Туған жер мен болашақ ұрпақ үшін бейбітшілікті сақтап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігі - ортақ тарихымыздағы ұмытылмас сәттер, сондықтан мемлекет басшылығы Ұлы Отан соғысы туралы тарихи шындықты сақтап, ардагерлерге құрмет көрсетіп, жас ұрпаққа рухани құндылықтарды бағалай білу керектігін үйретуге парыздар» деп атап өткен.
Ресей мемлекетінің басшысы Ұлы Жеңіс туралы ортақ ой халықтар арасындағы достықты сақтауға, одан әрі сенімді әріптестікке және аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қызмет ететіндігіне сенім білдірді. Сондай-ақ, В. Путин Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне де құрмет көрсетіп, оларға мықты денсаулық пен бақыт тіледі.
Айта кетейік, Ресей басшысы мұндай құттықтау хатын Армения, Әзербайжан, Белорусь, Қырғыз, Молдавия, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Абхазия, Оңтүстік Осетия басшыларына, сонымен қатар, Грузия мен Украина халқына да жолдады.