Внуково кедені басшысының бұрынғы орынбасары Қазақстанмен арадағы шекарада ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресей шекарасында Внуково әуежайындағы кеден басшысының бұрынғы орынбасары міндетін атқарушы, халықаралық іздеу жарияланған Роман Курзенков ұсталды және сотқа жеткізілді, деп хабарлады РИА Новости.
«Халықаралық іздеуде болған Курзенков Ресей мен Қазақстан шекарасында ұсталды. Бұлтартпау шараларын қолдану үшін оны сотқа жеткіздік», - деп хабарлады құқық қорғау органдарындағы ақпарат көзі.
Курзенковты Түркиядан контрабанда ұйымдастырды деп айыптап, халықаралық іздеу жариялаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол Ресейде сатылатын коммерциялық тауар партияларын Внуковоның «жасыл дәлізі» арқылы заңсыз тасылуын ұйымдастырған. Ол тергеуден қашып үлгерген және халықаралық іздеу жарияланған.