«Voice of Turan»: Түркістанда қазақ әндерін 20 елдің әншісі орындайды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркістанда «Voice of Turan» қазақ әндері фестиваліне санаулы күндер қалды. Биыл халықаралық байқауға әлемнің 20 елінен өнерпаздар қатысып, қазақ әндерін орындап, өзара бақ сынайды.
Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында фестивальдің бас продюсері Мейіржан Алиакбаров айтты.
«Voice of Turan» фестивалі пандемия кезінде онлайн форматта басталған. Биыл жоба жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт ішінде фестивальдің географиясы кеңейіп, оған алыс шетелден де қатысушылар келе бастаған.
– Бірінші кездері жақын шетелдегі қатысушылар болса, қазір басқа құрлықтардан да өнерпаздар қосылды. Биыл 20 мемлекеттен қатысушы келді. Олардың арасында Қырғызстан, Башқұртстан, Қарашай, Армения, Грузия, Мексика, Бразилия, Индонезия, Оңтүстік Африка, Гвинея, Франция, Италия, Сан-Марино, Ватикан және басқа елдердің өкілдері бар, – деді Мейіржан Алиакбаров.
Биыл фестиваль үш күн бойы ашық аспан астында өтеді. Алғашқы күні түркітілдес елдердің танымал жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. Екінші күні шетелдік қатысушылар қазақ эстрадасының белгілі әншілерімен бірге қазақ әндерін орындайды. Үшінші күні қатысушылар жеке өнер көрсетіп, қазылар алқасы мен көрерменнің бағасына ие болады.
Фестиваль бағдарламасына бұған дейінгі жылдары «Voice of Turan» сахнасына шыққан шетелдік әншілер де қатысады. Сонымен қатар шығармашылық, хореографиялық, этнографиялық және фольклорлық ұжымдар өнер көрсетеді.
Бас продюсердің айтуынша, биыл фестивальге қатысушылардың таңдауы тек бұрынғы қазақ әндерімен шектелмейді.
– Бұған дейін халық әндері мен аға буын композиторларының шығармаларына көбірек көңіл бөлдік. Биыл сөзі мен әні үйлескен қазіргі хит әндерді де қостық. Қатысушыларға әннің шығу тарихын, авторын, қашан және не туралы жазылғанын түсіндіреміз. Қазақша әріптерді дұрыс айтуға, транскрипциясына да дайындық жүргізіледі, – деді ол.
Мейіржан Алиакбаров қазақ әндерінің құрылымы шетелдік орындаушыларға салыстырмалы түрде түсінікті екенін атап өтті.
– Бұл жерде дәстүрлі ән айтқан емес, қазақша сезініп, жүрекпен айтқан әнші озады. Халық әндерін орындау басқа ұлт өкілдеріне қиын болуы мүмкін. Өйткені оның әуезі халықтың тарихымен, мәдениетімен сабақтас. Ал қазақ музыкасының негізгі формасы әлемдік стандарттарға жақын, – деді фестивальдің бас продюсері.
Биылғы бағдарламада шетелдік қатысушылардың қазақстандық әншілермен дуэттері де бар. Олардың қатарында Әли Өтенов, Құрмаш Махан, Жұбаныш, Сырым Исабаев, Серік Ибрагимов және басқа өнерпаздар бар.
Фестивальге қатысушылардың бірі – Францияның Марсель қаласында тұратын Оран. Ол Қазақстанға алғаш рет келгенін және «Voice of Turan» фестиваліне достарының кеңесімен қатысқанын айтты.
– Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім. Осында болғаныма қуаныштымын. Достарым «Voice of Turan»-ға қатысып көр» деді. Сондықтан өзімді сынап көруге келдім. Жаңа адамдармен, жаңа мәдениетпен танысу мен үшін ерекше тәжірибе, – деді Оран.
Шетелдік орындаушы қазақ тіліндегі әнді дайындау кезінде мәтінді бірнеше рет тыңдап, оның мағынасын сезінуге тырысатынын айтты.
– Тіліміз басқа болғандықтан, әнді дайындау оңай емес. Өлеңді қайта-қайта тыңдап дайындаламын. Қазақстанға келе жатқан ұшақта бір қазақ әйелмен таныстым. Оған өз әнімді тыңдаттым, кейін қазақша орындайтын әнімді де бердім. Ол әнді тыңдап, бәрі ұнағанын, өте жанды әрі ерекше екенін айтты. Меніңше «Voice of Turan»-ның ерекшелігі де осында. Әнді қалай сезінсең, солай айтасың. Қазақ тыңдарманына өзіңнің шынайы эмоцияңды жеткізесің, – деді ол.
Фестиваль аясында музыкамен қатар мәдени және қолөнер көрмелері де ұйымдастырылады. Биыл 200-ге жуық қолөнер шеберінің қатысуы жоспарланған. Әлемдік дизайнерлер де арнайы келеді.
Айта кетейік, бұған дейін, Silk Way Star халықаралық музыкалық жобасының қатысушысы Рухия Байдүкенова сұхбат берген болатын.