Вокзалда 4 млн теңгесін жоғалтқан тұрғын бес күннен кейін тауып алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат жоғалған – «Алматы-Маңғыстау» бағытында жүретін пойыз жолаушысы абайсызда 4 миллион теңгесін жоғалтып алған. Ірі сомадағы қаражатты көлік полицейлері тауып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
4 миллион теңгені Асқар Жоланов атты азамат Шымкенттегі үйін сатып, пойызбен алып келе жатқан. Маңғыстау станциясына түскенде ол сөмкесін перронда қалдырып кеткен. Оны тек таксиге отырған соң ғана білген. Дәл сол сөмкеде 4 миллион теңгесі болған.
Жолаушы сөмкені өзі іздеп таба алмапты. Ақыры уақыт өткізбей ірі сомада ақша жоғалтқаны туралы желілік полиция бөліміне жазбаша арыз түсірген. Осыдан кейін іске бірден кіріскен көлік полицейлерінің арқасында ақша бір тиыны да дейін жоғалмай, иесіне қайтарылған.
«Ол жолаушы перронда абайсызда сөмкесін тастап кеткен. Ол сөмкені өзімдікі деп ойлаған екінші белгісіз жолаушы алып кеткен. Арыз түскеннен кейін бірден рейд шаралары ұйымдастырылды. Сөмкені бес күн бойы іздедік. Жалпы вокзалда адамдар көп жүретінін білесіздер. Тіпті вокзалдың маңындағы көліктерді, үйсіздер жүретін орындардың бәрін тексердік», - дейді Маңғыстау станциясының желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Қуанышкерей Қызылбаев.

Оның айтуынша ақыры абайсызда сөмкені өзімдікі деп ойлап ала кеткен жолаушы анықталыпты. Осылайша ақша иесіне толығымен қайтарылған.
Қомақты сомасын тапқан Асқар Жоланов көлік полицейлеріне алғысын білдірді.
«Бұл ақша менің отбасым үшін аса қомақты сома. Ақшамыздың табылғанына қуанымтымыз. Көлік полицейлері бес күн бойы іздеп, ақшамызды тауып берді. Зор алғысымызды білдіреміз», дейді ол.
Табылған ақшаға отбасы Ақтаудан үй сатып алғалы отыр. Сондай-ақ, оның бір бөлігін қатты ауыратын баласының ем-домына жұмсамақ екен.
