Волейбол: «Ақтөбе» командасы «Алматыны» жеңді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары өтіп жатыр. 

спорт
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Жұма күні алаңға алғашқы болып «Алматы» мен «Ақтөбе» командалары шықты. 

Осыған дейін қос клуб 18 ұпайдан жинап, турнир кестесінде 6-7-орындарда тұрған еді. Бұл жолы камбэк жасаған ақтөбеліктер 3:1 (24:26, 25:12, 25:9, 25:17) есебімен жеңіске жетіп, 21 ұпаймен 6-сатыға көтерілді. 

Өткен жылғы ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) «Ару-Астананы» 3:0 (25:15, 25:20, 25:13) есебімен қиындықсыз жеңді. 

Түркістандықтар 37 ұпаймен үздік төрттікті түйіндеп тұр. 

Көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:21, 25:18, 25:15) есебімен тізе бүктірген «Қарағанды» 36 ұпай жинап, 5-сатыға тұрақтады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Петропавлдағы турда үш команда жеңіліссіз келе жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар