Волейбол: «Алматы» чемпион атанды
Соңғы бәсекеде алтын медаль үшін «Алматы» және Оралдың «Конденсат-Жайықмұнай» командалары сынға түсті. Бұл кездесуде алматылықтар 3:1 есебімен жеңіске жетіп, ел чемпионы атағын кезекті рет жеңіп алды. Енді Рафаэль Гилязутдиновтің шәкірттері алдағы сәуір айында клубтық командалар арасында Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын болады.
Күміс жүлде - бұдан он үш жыл бұрын ел чемпионы атанып көрген, дегенмен соңғы жылдары биік тұғырға қол соза алмай жүрген оралдықтар үшін үлкен жетістік.
Бүкіл біріншілік бойы көш бастаған батысқазақстандықтар жеңімпаз атанатын өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Оралға ойыншы ретінде келіп, қазақ қызына үйленіп, тұрақтап қалған Игорь Никольченконың шәкірттері негізінен жергілікті волейболшылар. Атап айтқанда, бүгінгі алаңда өнер көрсеткен украиналық қос легионер, байланыстырушы Роман Хандролин мен Руслан Щевцовтан басқалары, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Виталий Вориводин, Антон Кузнецов, Владимир Прокофьев, Петр Чурзин және либеро Мирлан Бадашев - бәрі де Батыс Қазақстан волейболының түлектері. Және олардың дені жас екендігін ескергенде, болашағы да зор екендігін байқауға болады.