Волейбол: Алматыдағы гран-при турнирі мәреге жетті

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, соңғы ойында Қазақстан және Хорватия құрамалары алаңға шықты. Қос команда осының алдындағы екі кездесуінде ұтылып қалғандықтан, олардың қай-қайсысына да жеңіс ауадай қажет еді. Әсіресе, өз елімізде өнер көрсеткен Вячеслав Шапранның шәкірттері қорытынды матчқа тастүйін күйде шықты. Қазақстан құрамасындағы негізгі ойыншыларының біразы (байланыстырушы Коринна Ишимцева, шабуылшы Сана Анарқұлова және басқалар) жарақаттанып қалғандықтан, бұл жарысқа қатысқан жоқ. Команда капитаны Радмила Бересневаның өзі жарақатымен ойнады. Бірінші партияда қазақстандықтар сәтті ойнай білді. Есесіне екінші партияда хорваттар есе қайтарды. Дегенмен соңғы екі партияда Қазақстан құрамасы қарсыластарына дес бермеді. Сөйтіп 3:1 есебімен осы турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Әсіресе, Р.Бересневамен қатар шабуылшы Екатерина Жданова, байланыстырушы Наталья Акилова, тосқауыл қоюшы Алеся Сафронова, либеро Диана Кемполар жақсы ойнады. Екінші партиядан бастап Катерина Татконы Инна Яковлева сәтті алмастыра білді.
Айта кетейік, Алматыдағы гран-при турнирінде барлық кездесулерін ұтқан Германия құрамасы 9 ұпаймен жеңімпаз атанды. Колумбия құрамасы алты ұпаймен екінші, қазақстандықтар үшінші орынға көтерілді.
Қазақстан волейбол федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, бұл жеңіс қазақстандықтарға үш ұпаймен екінші топта оныншы орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Енді Қазақстан құрамасы 21-23 шілде аралығында Оңтүстік Кореяда өтетін Әлемдік гран-придің үшінші кезеңіне аттанады. Бұл жолы В.Шапран шәкірттеріне Оңтүстік Корея, Колумбия және Польша командалары қарсы тұрмақ. Одан кейін Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында да өнер көрсететін болады.