Волейбол: «Атырау» Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралдағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері анықталды. 

Волейбол: «Атырау» Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды
Фото: atyrau_vc

Қола жүлде үшін биыл «Атырау» және «Жетісу» командалары таласты. Бірінші кездесуде Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандықтар 3:1 есебімен жеңіске жетсе, екіншісінде Ислам Жұмабековтің шәкірттері есе қайырған еді — 3:1. 

Бұл жолы «Атырау» айқын басымдылық танытып, 3:0 (25:15, 25:14, 25:14) есебімен жеңіске жетті. Осылайша, олар үздік үштікке іліксе, «Жетісу» төртінші орынға табан тіреді.

Маусым барысында «Атырауды» жаттықтырған сербиялық маман Деян Вуличевич кетіп, команда құрамында бірқатар өзгеріс болған еді. Соның өзінде Ислам Жұмабеков баптаған атыраулықтар қола жүлдеге қол жеткізе білді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында қола жүлде үшін бәсекеде «Атыраудың» есепті теңестіргенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ алтын үшін таласта «Жайық» клубы камбэкпен «Ақтөбені» жеңді. 

Соңғы жаңалықтар