Волейбол: Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» клубы бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM — 20-27 сәуірде Филиппинде волейболдан әйелдер командалары арасында Азия чемпиондар лигасының ойындары өтеді.

Волейбол: Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» клубы бақ сынайды
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Осыған дейін Азия клубтық чемпионаты аталып келген жарыс жаңа атауға ие болып отыр. Онда Азияның 12 үздік командасы өнер көрсетеді.

Қазақстан намысын ел чемпионы, кубок және суперкубок иегері «Жетісу» (Талдықорған) командасы қорғайды.

Сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері «А» тобына түсті. Қазақстандық клуб 21 сәуір күні «Creamline cool smashers» (Филиппин), 22-сінде «Al Nasser» (Иордания) командасымен сынға түседі.

Төрт топтың әрқайсысынан жеңімпаздар жартылай финалға шығады.

Осыған дейін «Жетісу» Азия клубтық чемпионатына тоғыз рет қатысып, екі рет финалға дейін жетті. 2010 жылы Индонезияда соңғы бәсекеде таиландтық «Federbrau» (1:3), ал 2013 жылы Вьетнамда қытайлық «Guangdong Evergrande» (1:3) командасына жол берді. Сонымен қатар төрт рет қола жүлде үшін алаңға шығып, соның екеуінде жеңіске жетіп, үздік үштікті түйіндеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының тоғызыншы рет Қазақстан чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар