Волейбол: «Буревестник» тартысты матчта «Ақтөбені» ұтты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының бәсекелері басталды.

Алғашқы болып алаңға «Ұшқын-Көкшетау» мен «Атырау» командалары шықты.
Александр Стольников жаттықтыратын көкшетаулықтар небәрі 3 ұпаймен көш соңында келе жатса, атыраулықтар (13 ұпай) алтыншы орында еді.
Тур арасындағы үзілісте «Атыраудың» бас бапкері, сербиялық Деян Вуличевич кетіп, оның орнына Ислам Жұмабеков келді.
Ойын, жанкүйерлер күткеніндей, атыраулықтардың басымдылығымен өтті — 3:0 (25:14, 25:17, 25:20).
Оған қарағанда, «Ақтөбе» (бас бапкері Сергей Трикоз) мен Игорь Никольченко баптайтын «Буревестник» (Алматы) арасындағы матч әлдеқайда тартысты болды.
Ақтөбеліктер 26 ұпаймен екінші орында тұрса, алматылықтар (22 ұпай) төртінші сатыда еді. Бұл жолы «Буревестник» 3:2 (25:21, 16:25, 17:25, 25:21, 15:11) есебімен жеңісті жұлып алды. Сөйтіп 24 ұпай жинап, әзірге үшінші сатыға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Талдықорғанда волейболдан Қазақстан чемпионатының үшінші туры басталатынын жазған едік.