Волейбол: ел чемпионатының жүлдегерлері анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ел біріншілігінің соңғы туры мәреге жетіп, жүлдегерлер белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, чемпионаттың соңғы күні «Павлодар» және «ТНК «Казхром» командалары сәйкесінше «Буревестник-Алматы» мен «Есіл» (Петропавл) командаларын 3:1 есебімен ұтты. Сөйтіп қос команда да 56 ұпайдан жинағанмен, қосымша көрсеткіштер бойынша павлодарлықтар күміс жүлдегер атанса, хромтаулықтар үшінші орынды қанағат тұтты.

Еске сала кетейік, Игорь Никольченко жаттықтыратын Өскеменнің «Алтайы» біріншілік аяқталуға екі күн қалғанда, ел чемпионы атанған болатын. Қорытындыда 65 ұпаймен басқалардан қара үзіп кеткен өскемендіктер Қазақстан біріншілігінде қатарынан екі мәрте озық шықты. «Атырау» командасы 52 ұпаймен төртінші орынға табан тіресе, «Буревестник-Алматы» (42 ұпай) бесінші, «Есіл» (31 ұпай) алтыншы, «Динамо-Тараз» (13 ұпай) жетінші орынды иеленді.

Соңғы жаңалықтар