Волейбол: Ерлердің ұлттық лига командалары арасында ел біріншілігінің үшінші туры мәреге жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ел біріншілігі үшінші үлкен турының ойындары мәреге жетті.
Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл турда алаң иелері барлық ойынында жеңіске жетіп, мүмкін болған 12 ұпайды иеленді. Сөйтіп «Тараз» ұпай санын 60-қа жеткізді. Беларусь маманы Виктор Бекшаның шәкірттеріне қалған жеті ойынның екеуінде ұтса, жетіп жатыр, чемпиондық атақты иеленеді. «Павлодар» командасы 42 ұпаймен екінші орында келеді, ол - күміс жүлдеден басты үміткер. Ал қола жүлде үшін қызу тартыс болатын түрі бар. Бұған өткен жылғы ел чемпионы «Алматы» (33 ұпай) мен одан бір ғана ұпайы кем «Атырау» командалары таласпақ. Қалған ойындарын сәтті өткізсе, 2014 жылғы күміс жүлдегер Оралдың «Конденсат-Жайықмұнайы» да үшінші орынға қол созуы әбден мүмкін. Олардың еншісінде 29 ұпай бар. Бұл турда Игорь Никольченко жаттықтыратын батысқазақстандықтар «Алматы» мен «Тараздан» жеңіліс тауып, «ШығысҚорғасынҚұрылысты» 3:1, «Павлодарды» 3:2 есебімен ұтты.
Келесі төртінші кіші турдың ойындары 3-7 наурыз аралығында Орал («А» тобы) мен Павлодар («Б» тобы) қалаларында өтеді.
Оралда өтетін кіші турға «Конденсат-Жайықмұнаймен» бірге «Атырау», «ТНК «Казхром» (Хромтау), «Есіл» (Петропавл) командалары қатысып, күш сынасады. «Жайық» волейбол клубының директоры Шоқан Кеңесовтің айтуынша, ойындар «Энергия» фитнес орталығында болмақ. Содан кейін 21-27 наурызда Таразда төртінші үлкен турдың кездесулерімен чемпионат мәреге жетпек.