Волейбол: Қазақстан әйелдер құрамасына Олимпиада жолдамасы бұйырмады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Волейболдан АҚШ-та өткен Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы жолдамаға қол жеткізе алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін волейболдан Қазақстан әйелдер командасы АҚШ-та өткен Токио Олимпиадасына іріктеу турнирін нәтижесіз аяқтады.
Қазақстандықтар соңғы ойынды Болгария құрамасына қарсы өткізген болатын. Өкінішке қарай қарсыластарына 0:3 есебімен ұтылды. Қазақстандықтардың бұл аталған турнирдегі үшінші жеңілісі.
Осыған дейін біздің команда алғашқы кездесуде жарыс қожайыны америкалықтармен кездесіп, 0:3 есебімен жол берді. Біздің команда үш партияда 17:25, 10:25, 10:25 есебімен ұтылған. Ал екінші кездесуде Аргентинамен сынға түскен отандастарымыз кездесу қорытындысы бойынша 1:3 (25:22, 8:25, 20:25, 16:25) есебімен жеңіліс тапты.
Жалпы есеп қорытындысы бойынша қарсыластарынан іріктеу турнирінде Токио Олимпиадасының жолдамасын америкалықтар жеңіп алды.