Волейбол: Қазақстан ерлер құрамасы Бахрейндегі Ұлттар кубогынан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы Бахрейнде 16 маусымда басталатын AVC Ұлттар лигасы (Шақыру кубогы) турниріне қатыспайды.

Қазақстан волейбол федерациясы мәлім еткеніндей, Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа байланысты аймақтағы геосаяси жағдайдың ушығуынан кейін осындай шешім қабылданған.
– Федерация қысқа уақыт ішінде мүмкін болатын балама бағыттарды қарастырды. Алайда олардың ешқайсысы құраманың Бахрейнге уақытында және спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төндірмей жетуіне мүмкіндік бермеді. Ойыншылар мен бапкерлік құрамның қауіпсіздігі – басты орында. Сол себепті турнирге қатысудан бас тарту туралы шешім қабылданды, - делінген ресми мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия Ұлттар кубогында Қазақстан әйелдер құрамасының төртінші орынды қанағат тұтқанын жазған болатынбыз.