14:43, 06 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Волейбол: Қазақстанның әйелдер құрамасы Қытайда өтетін II Азия кубогы жарысына қатысады
АСТАНА. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қыркүйектің 19-ы мен 25-і аралығында Қытайдың Тайсанг қаласында әйелдер командалары арасында II Азия кубогы үшін жарыс өтеді.
Оған волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы да қатысады. ҚР Волейбол федерациясының мәліметінше, турнирде барлығы 8 команда өнер көрсететін болады. Нелли Щербакова жаттықтыратын біздің команда «А» тобында Корея, Қытай және Иран құрамаларымен бірге сынға түседі. Ал, «В» тобында Вьетнам, Қытайлық Тайпей, Тайланд және Жапония құрамалары өзара шеберлік байқасады. Жарыс күнтізбесіне сәйкес, Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын қыркүйектің 19-ы күні Кореямен өткізеді. Содан кейін қыркүйектің 20-да Қытаймен және 21-де Иранмен ойнайды. Жерлестеріміз сәтті өнер көрсетсе, қыркүйектің 23-і күні болатын ширек финалға жолдама алады. Ал, турнирдің жартылай финалы қыркүйектің 24-де, ақтық сын қыркүйектің 25-де өтеді.