Волейбол: «Маңғыстау» командасы алғаш рет ел чемпионатының қола жүлдегері атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат  - Таразда ерлердің Ұлттық лига командалары арасында XXVII ел чемпионатының плей-офф бәсекесі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Волейбол: «Маңғыстау» командасы алғаш рет ел чемпионатының қола жүлдегері атанды

Қола жүлде үшін «Маңғыстау» мен «Есіл СК» (Петропавл) командалары өзара күш сынасты.

Бұған дейін чемпионат жүлдегері болмаған қос клуб арасындағы сайыс өте тартысты өтті.

Сенбі күні алғашқы матчта «Есіл СК» командасы 3:1 есебімен ұтса, кеше маңғыстаулықтар дәл сондай есеппен есе қайырды.

Бүгін шешуші матчта «Маңғыстау» командасы қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, тұңғыш рет қола жүлдегер атанды.

«Маңғыстауды» оралдық маман Александр Перегуда жаттықтырады. Оның айтуынша, маңғыстаулық команда құрылғанына екінші жыл болғанына қарамастан, Ұлттық лигада үздік үштіктің қатарынан көрініп отыр. Бұл Маңғыстау облысында волейболға қолдау көрсетіліп отырғанын дәлелдейді.

«Маңғыстаудың» құрамында Орал волейболының түлектері, либеро ойыншы Қайрат Байбеков, сондай-ақ Қайрат Қалинов, Владимир Прокофьев ойнайды.

«Есіл СК» командасының да төртінші орынға табан тіреуі - үлкен жетістік. Әсіресе, команда бапкері әрі капитаны Сергей Щавинскийдің 46 жаста болғанына қарамастан, әлі күнге жастармен терезесі тең өнер көрсетуі үлгі тұтарлық.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «ТНК-Казхром» командасының ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Өткен жылғы чемпион «Атырау» күміс жүлдеге ие болды. «Атыраудың» да құрамында оралдықтар Виталий Вориводин, Антон Кузнецов, Петр Чурзиндер бар.

Кезінде ел чемпионы атанған Оралдың «Конденсаты» тарап кеткеннен кейін батысқазақстандық түлектер әр жақта ойнап жүр.