Волейбол: Оралда өткен турда «Атырау» командасы жеңімпаз атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Орал мен Павлодар қалаларында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ел чемпионаты төртінші кіші турының ойындары мәреге жетті.

Волейбол: Оралда өткен турда «Атырау» командасы жеңімпаз атанды

Оралда «А» тобындағы командалар арасында өткен бәсекеде «Атырау» үздік өнер көрсетті. Олар «Конденсат-Жайықмұнай», «ТНК «)азхром», «Есіл» (Петропавл) командаларының үшеуін де ұтып, тоғыз ұпайға ие болды. Алаң иелерімен «Есілді» жеңген хромтаулықтар алты ұпайды еншіледі. Өз алаңында жігерсіз ойнаған оралдықтар тек көш соңындағы петропавлдықтарды ғана ұтып, небәрі үш ұпайға қол жеткізді.

Павлодарда«Б» тобы командалары арасында өткен кіші турда чемпиондықтан басты үміткер «Тараз» өскемендіктерді ұтқанымен, алаң иелері мен «Алматыдан» жеңіліп қалды. Сөйтіп тараздықтар бұл турда чемпион атана алмады. Дегенмен оларға Таразда 20 наурызда басталатын соңғы, төртінші үлкен турда небәрі бір ойында қарсыласын тізе бүктірсе, жетіп жатыр. «Павлодар» командасы бұрынғыша екінші орында келе жатса, осы турдан кейін ұпай санын 41-ге жеткізген «Атырау» үшінші сатыға көтерілді. Барлық жүлдегерлер Тараздағы қорытынды турда белгілі болмақ.