Волейбол: Өскеменнің «Алтайы» екінші мәрте қатарынан ел чемпионы атанды
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Игорь Никольченко жаттықтыратын өскемендіктер «Буревестник-Алматы» командасын 3:0 есебімен онша қиналмай, ұтты. Сөйтіп 18 наурызда мәреге жететін қорытынды турда «Алтай» күні бұрын үздік атанса, күміс және қола жүлде үшін «Павлодар», «Атырау» және «ТНК «Казхром» (Хромтау) командалары таласуда.
Айта кетейік, кезінде ел чемпионы, Қазақстан кубогының иегері, халықаралық турнирлердің жеңімпаз-жүлдегері болған Оралдың «Конденсат» клубы «Конденсат» компаниялар тобы демеушіліктен бас тартқаннан кейін 2015 жылы тарап кеткен болатын. Соған байланысты «Конденсатта» өзі ойнап әрі оны біраз жыл жаттықтырған Игорь Никольченко таңдаулы волейболшылармен бірге Өскеменнің «Алтай» командасына кетіп, өткен жылы чемпиондық атаққа қол жеткізген еді. Қазіргі кезде «Алтайдың» негізгі құрамында Орал волейболының түлектері, көптен бері Қазақстан намысын қорғап жүрген шабуылшы Виталий Вориводин, сондай-ақ либеро-ойыншы Мирлан Бадашев алаңға шығып жүр.